
Қызылордалық "Қайсар" ел біріншілігінің 29 турын қостанайлық "Тобылмен" өткізді. Мерзімінен кейін өткен матчта қос команда ұпай бөлісіті. Стойчо шәкірттерінің негізгі құрам ойыншылары жарақатына байланысты ойынға қатыса алмады. Дегенмен алаң иелері қонақтардан жасқанбай сауатты ойнады.
Кездесудің 40-минутында команда капитаны Асхат Тағыберген 25 метр қашықтықтан керемет гол соқты. Асхаттың шірене тепкен добы қақпаның тоғыздығынан табылып, алаң иелері алға шықты. Кездесудің екінші бөлігінде "Тобылдың" бас бапкері Тимур Оразов шарасыз күй танытып, алаңға бар шабуылшысын қосты. Дегенмен Оразов шәкірттері негізгі уақыт аяқталғанша Исламқұловтың қақпасынан саңылау таба алмады. Қосымша уақыт сырғи бастағанда бас төреші Тимир Кумашев қонақтардың пайдасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Сенин Себайға қарсы тәртіп бұзылды деген төреші райынан қайтпады. Нүктеге келген Азат Нұрғалиев мүлт кетпей командасын жеңілстен құтқарып қалды. Қорытынды есеп 1-1!
ФК "КАЙСАР"