
Қызылордада "Қайсардың" жастар құрамы "Оқжетпес U-21-ді" қабылдап, минималды есеппен жол берді. Кездесу басталысымен қонақ команданың ойыншылары ширақ қимылдап, бірінші есепті ашты. Бұрыштамадан асырған допқа Тамерлан Жақсылықов алғаш жетіп, командасын алға шығарды, Артынша арғымақ жастары екінші голын соқты.
Әділ Батталов қақпашымен жеке дара шығып, өзіндегі бар мүмкіндікті мүлт жібермеді. Есеп 0-2. Бұл голдан кейін алаң иелерінің ойын мәнері жақсарып, ұтымды шабуылдар ұйымдастырды. Кездесудің алғашқы бөлігі аяқталар тұста Әбілқайыр Бердалиев есеп айырмасын қысқартты. Ойынның екінші жартысында алаң иелері допқа көп иелік еткенімен қарсылас қақпашысының саңылауын табалмады. Қорытынды есеп 1-2! Енді Жоламанов шәкірттері 7 сәуір күні "Рузаевка" командасымен жолығады.
"ҚАЙСАР" ФК баспасөз қызметі